AA

АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ «АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК АРХИВІ» КОММУНАЛДЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІ

АҚМОЛАЛЫҚТАРДЫҢ ҮЛЕСІ ЗОР БОЛДЫ

1941 жылдың 22 маусымында басталған Ұлы Отан соғысы ақмолалықтардың өмiрiн бiржолата өзгерттi. Соғыс басталысымен облыстың жұмысы күрт басқа арнаға ауысты, өзге жерлерден көшiрiлген кәсiпорындарды орналастыру, тұрғындарды Отан қорғау iсiне жұмылдыру, үкiмет пен партия тарапынан қойылған әскери-шаруашылық тапсырмаларды орындау шаралары жедел түрде басталып кеттi. Соғыстың алғашқы күндерiнен бастап қалалар мен ауылдарда, ұжымшарларда көптеген митингiлер мен жиналыстар өттi. Көкшетауда бес мың адам жинаған митингiде партияның аудандық комитетiнiң бiрiншi хатшысы Қантарбаев «Бiздiң басты мiндетiмiз — әрқайсымыз өз орнымызда адал әрi қажырлы еңбек етiп, еңбек тәртiбiн сақтай отыра Қызыл Әскерге жауды жеңу үшiн қажеттi барлық дүниенi берiп, Отанымызды қорғау болып табылады» деп жалынды сөздер тастайды. Cоғыстың алғашқы күндерiнен-ақ 1905-1918 жылдар аралығында туған барлық әскери борыш мiндетi бар азаматтар, әртүрлi жастағы адамдар, жұмысшылар, зиялы қауым өкiлдерi арасында әскери жұмылдыру жүргiзiлiп, майданға ерiктi түрде сұранған азаматтар сын сағатта Отан қорғауға әзiр екенiн бiлдiрдi.

Тарих өмiрдiң ұстазы. Бұл нақыл сөз бiздi тарихқа селқос, үстiрт қарамауға үйретедi. Өткен шақ уақыт өткен сайын бұлыңғыр реңктер мен бояуларға толып, аңыз бен ақиқат арасындағы меже жойылып, «тарихи әңгiмелердiң» қайсысы шын қайсысы жалған екенiн айыру қиынға соғып жатады. Жақында Елбасымыз өзiнiң «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында адамзат ойының асыл қазынасы болып табылатын тарих, мәдениеттi зерделеп, өскелең ұрпақты рухани тәрбиелеудiң маңызына егжей-тегжейлi тоқтаған болатын. Шынында да, тарихи, мәдени мұраларымыз баршылық. Оны мүмкiндiгiмiзше қалпына келтiрiп, жинап, терiп жатырмыз. Алайда уақыт көшi тоқтамай, өзiнiң жаңа талаптарын қоюда. Тарихи жағдаяттарды ескере отыра, бiздiң алдымызда жаңа мiндет ол тарихи мәдени мұраларды игеру, зерделеу, бойға сiңiру болып табылады. Мамандығымыз тарих ғылымы болғандықтан, әржерде тарихи тақырыптағы әнгiмелерге куә болып, неше түрлi қызу дискуссиялар мен тартыстарға да ойда-жоқта кiрiп кететiн әдетiмiз де бар. Мүмкiн кейде, арқа қозып әдеттен де озатын кездерiмiз бар шығар.

Қазақ пен батыр ұғымдары ежелден егiз ұғымдар. Алысқа бармай,кешегi Ұлы Отан соғысы жайлы әңгiме қозғасақ. Бiздiң Ақмола облысы мемлекеттiк мұрағатында жойқын сұрапыл соғысқа қатысқан, тыл жұмыстарының зардабын көрген жерлестерiмiздiң ерлiктерiне дәлел болатын деректер мен құжаттар жетiп артылады. Әттең, бiлейiн, iздейiн, табайын, деген құлақ пен көз болса…

…Соғыстың заңы да табиғаты да қатал. Адамдар не үшiн соғысады деген сұрақ талай ойшылдар мен ғалымдардың көкейiнде жүрген мәңгiлiк сұрақтардың бiрi. Соғыстың сәттiсi, жақсысы жоқ. Соғыс атаулының барлығы қайғымен, ауыр орны толмас зардаптармен бiрге жүредi. Бiрақ, осындай «не бел, не белбеу кететiн» шешушi сәттерде, тарих логикасы шынайы батырларды, батыр ұрпақты алдыңғы қатарға шығарады…

Ақмолалықтар тұтас Кеңес Одағы халқы сияқты «Барлығы майдан үшiн, барлығы жеңiс үшiн» деген ұранмен өмiр сүрiп, аянбай еңбек еттi. 23-29 маусым күндерi аралығында партияның облыстық комитетi бюросының отырысында соғыс басталуымен байланысты кеңес халқы алдында тұрған мiндеттер түсiндiрiлiп, өндiрiс, көлiк, ұжымшарлар менкеңшарлар қызметiн қайта құру бойынша жедел iс-шаралар ұйымдастырылып, әскери жұмылдыру жұмыстары жүргiзiле бастады.

Ақмола облысында жұмылдыру жұмыстары ерiктiлердiң белсендiлiгiмен ерекшелендi. Мысалы, Атбасар ауданында бастапқы партиялық ұйымдардың 42 хатшылары арасынан 17-сi майданға аттанса, ұжымшарлардың 28 төрағалары әскер қатарына өз еркiмен қосылған болатын. Ерiктiлердiң саны күннен күнге артып, өсе түстi. Ақмола байланыс түйiнi темiржолшыларынан 290 ерiктiнiң соғысқа жiберу туралы өтiнiшi түссе, мыңдаған жас комсомолдар ерiктi түрде майданға аттанды.

Мемлекеттiк Қорғаныс Комитетiнiң1941 жылдың 8 шiлдесiндегi Қаулысы бойынша Орта Азиялық әскери округте, басым түрде Қазақстанның солтүстiк аймақтарынан 4 атқыштар дивизиясы құрылуы тиiс едi. Соғыстың бастапқы кезеңiнде Ақмола қаласында 310-шы және 387-шi атқыштар дивизиясы құрылған болатын, 29-шы атқыштар дивизиясын және 106-шы ұлттық кавалериялық дивизияны жасақтау бойынша жұмыстар басталған едi. Соғыстың алғашқы алты айы iшiндеАқмола облысынан шамамен 37 мыңдай адам майданға жiберiлдi.

106-шы ұлттық кавалериялық дивизияның басшылығы майданға
аттанар алдында. 1942 жыл.

Ақмолалықтар тек майданда ғана емес, тылда да ерекше ерлiк көрсеттi. Олар Жеңiстi жақындату үшiн барын салды. Тыл еңбеккерлерiнiң майдандағыларға көрсеткен қамқорлығы мол болды. 1941 жылы Мелитопольск танк құрастыру зауытының жабдықтары әкелiндi. Негiзгi цехтар педагогикалық училищенiң алаңдарына орналастырылды. Ол №317 зауыт болып белгiлендi. Зауыттың барлық жабдықтарын, соның iшiнде жүзден астам станокты өте аз уақытта, бiр аптаның iшiнде құрастыру керек болды. Әрбiр жұмысшы өз станогы үшiн өзi жер қазды. 1941 жылы 20 қарашада белгiленген уақыттан 20 күн бұрын алғашқы өнiм -снарядтар шығарылды. Кейiннен миналар мен гранаталар шығару жолға қойылды. Зауыттың алғашқы директоры Николай Муравьев, құралдар цехының бастығы Леонид Соколов, цех бастығы Михаил Носань, инженер Семен Петлицкий және тағы басқалары зауытты қайта жаңғыртуға атсалысты. 1943 жылдың 1 мамырында зауытқа «Еңбек майданының гвардияшылары» жоғары атағы берiлдi. Сондай-ақ, Көкшетауда Мәскеу түбiнен көшiрiлген Подольск тiгiн машиналар зауыты орналастырылды. Макинка бекетiнде Ленин атындағы зауыт қарқынды жұмыс iстедi. Олардың барлығы өндiрiстi қайта құрып, қорғаныс мақсатындағы өнiмдердi шығаруды қолға алды. Степняк қаласында орналасқан «Қазалтын» тресi де алты мың жұмысшының басын бiрiктiрiп, алтын өндiрдi.

1944-1945 жылдары Ақмола облысы майданға көмек беру және халық арасында көпшiлiк қорғаныс жұмыстарын ұйымдастыру бойынша республикада бiрiншi орында болды. Мұрағат құжаттарына сүйенсек, бiздегi тыл еңбеккерлерiнен шамамен 70 миллион сомға жуық ақша және мемлекеттiк әскери қарыздарды төлеуге 187 миллион сом қаражат түскен екен. Тұрғындар қорғаныс қорына өздерiнiң бар жиған-терген ақшаларын, еңбекақыларын құйып, аянбай еңбек етiп, майдандағы қандастарын жiгерлендiре түстi.

Бүгiн зұлмат соғыстағы Жеңiстiң 72-жылдығында сол сұрапыл күндер болмаған сыңайлы көрiнедi. Елiмiз баянды Тәуелсiздiгiн ту етiп көтерiп, бейбiтшiлiктi, татулықты ұран етiп, көркеюде. Осы бейбiт күндердiң iргетасын қалаған батырларымыз қатарлары сиреп бара жатсада, дәл сол Баукеңдердей, Мәлiк пен Төлеген Тоқтаров, Әлия мен Мәншүк сияқты ержүрек батырларымыздың дара қасиеттерiн өскелең ұрпақтың бойына дарытып, үлгi-өнеге бола бередi деген үмiтiз бар. Ешкiмде ешқашанда ұмытылмайды!!!

Ақмола облысы мемлекеттiк
архивi ақпараттық-ұйымдастыру бөлiмiнiң
архивистi Уалиев Талапкер Асқарұлы

 

Парақтағы соңғы өзгерістер:: 21.07.2017 11:29
© 2024. АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ «АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК АРХИВІ» КОММУНАЛДЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІ