КСРО құрылған күннен бастап, үкiмет алдында бұрыннан берi қордаланған бiрнеше ауыр экономикалық мәселелер тұрды. Ленин ұсынған жаңа экономикалық бағыт (ЖЭС) бiршама тәуiр бастама едi. Халық ауыр дағдарыстан (Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыс және Азамат соғысы) кейiн есiн жинап, жаңа мемлекет өзiнiң жарқын болашағына деген сенiмi күшейiп, алға нық қадамдар бастаған едi. Аталмыш жаңа экономикалық саясат ортодоксалды марксистер жек көретiн жеке меншiкке жол ашып, адамдардың сауда-саттықпен айналысуына рұқсат берiп, барша қауыммен ол ұзақ мерзiмдi саяси стратегия ретiнде қабылданды.
Жаңа экономикалық саясаттың басымдықтары мен ұтымды тұстары көрер көзге анық болды. ЖЭС арқылы индустриализация, шаруалардың кооперациясы мәселелерiн шешу көзделдi. Шаруалардың кооперациясы мемлекеттiк күштеу арқылы емес, экономикалық тиiмдiлiк императивтерi мен заңдылықтары арқылы жүретiн эволюциялық үдерiс ретiнде қарастырылды. Шешушi ынталандырушы фактор ретiнде шаруалар кооперациялары шаруашылық ұйымдардың балама түрлерiмен бәсекелестiкке түскен кезде пайда болатын басымдықтар қабылданды. Жаңа экономикалық саясат бай-кулактарды тура «кәмпескелеуге» қарсы болды. ЖЭС-тi қолдаған Н. Бухарин, Н. Рыков, М. Томский сияқты үкiмет басшылары бұл мәселеде экономикалық және құқықтық реттеу мейлiнше тиiмдi әдiс болады деп есептедi.
Жаңа экономикалық саясат ұсынған шаруалардың кооперациясы индустриализациямен бiрге қатарласа, өзара әрекет ете отыра жүредi деп күтiлдi. Алғашқы жылдардың тәжiрибесi оның жүзеге асырылуына еш күмән туғызбаған едi. ЖЭС даму үлгiсiнде ауыр өнеркәсiптердi, зауыт, фабрикаларды дамыту (индустриализация) және шаруалардың кооперациясы басты мақсат ретiнде қарастырылмады, олар халықтың материалды әл-ауқаты мен мәдени деңгейiн арттырудың факторы ретiнде саналған едi. Жаңа экономикалық саясаттың мүмкiндiктерi зор едi. Алайда тарихи жағдаяттар күрт өзгерiп, 20-шы жылдарлың аяғында экономикалық даму бағыты басқа арнаға бұрылған болатын. Сталиндiк экономикалық даму үлгiсi Лениндiк ЖЭС-тен өзгеше боп шықты. Басым бағыт қарқынды индустриализацияға берiлдi. Әрине мұндай экономикалық науқан мол қаржыны талап ететiнi белгiлi. Кеңестiк үкiмет басқа ешнәрсенi ойластырмай, мәселенi тiкесiнен, радикалды түрде шешуге ұйғарды.Индустриалды үдерiстi қаржымен қамтамасыздандыру үшiн қаражат, тауар көздерi ЖЭС қолдау көрсеткен шаруаларды эскпроприациялау, кәмпескелеу арқылы алу көзделдi. Ал шаруалардың кооперациясы мемлекеттiк күшпен жүргiзiлетiн ұжымдастыру науқанына жол бердi. Осылайша, экономика және коғамдық-саяси (ұжымдастыру тек қана экономикалық мақсаттардың ұстанған жоқ, ол саяси «мұраттарды» да көздедi) өмiрде дамудың «күш көрсету», «волюнтаристiк шешiмдер» баламасы көп жылдар бойына орнады.
Ақмола облысында жаппай кәмпескелеу барысында 8334 жылқы, 1172 iрi қара, 242 түйе, 6009 қой тәркiленiп, 22 ұжым шаруашылықтары құрылды. Тәркiленiп алынған малдар ұжымшарларға таратылғанымен, олар осы шаруашылық бiрлестiктерi басшыларының жеке мүлкiне айналып отырды. Сонымен қатар жергiлiктi партиялық және кеңестiк органдар жоғарыдан келетiн нұсқауларсыз көрсеткiштердiң көлемiн арттыру мақсатында ұжымдастырудың қарқынын қолдан үдете түстi. Мәселен, ВКП (б) округтiк комитетi бюросы1929 жылдың 30 желтоқсанындағы қаулысы бойынша 33 мың шаруашылықты немесе барлық жеке шаруашылықтардың 41% ұжымшарлармен қамту мiндетi қойылған болатын. 1930 жылдың өзiнде-ақ Атбасар, Азат, Сталин аудандарының барлығы жаппай ұжымдастыру аудандары ретiнде белгiлендi. Және бұл жайтқа Азат және Атбасар ауданының оңтүстiк аймақтарында көшпелi және жартылай көшпелi шаруашылықтардың көп болғанын қосыңыз. Яғни бұл дегенiмiз, ғасырлар бойы айрандай ұйыған қазақ ауылы жермен жексен етiлу.
Қазақ халқының басым бөлiгi 20-ғасырға дейiн ауылда өмiр сүрдi. Қазақ экономикасы да, тұрмысы да, ауылшаруашылығына негiзделдi. Қазақ мәдениетi де ауылдың мәдениетi (әрине, жақсы мағынада) болды. Күштеп отырғызу барысында қазақ ауылымен бiрге, қазақтың салт-дәстүрi, төл мәдениетi, дiлi сынып, қазақ ұлт ретiнде жойылуға шақ қалды.
Орталықпен (Мәскеу) Қазақстан ұжымдастару науқаны 1932 жылдың көктемiнде аяқталуы тиiс аудандар тобына жатқызылды. Ал республикалық партиялық және кеңестiк органдарда ұжымдастыруды осы қысқа мерзiмнен бұрын аяқтау мiндетi алға қойылды. Нәтижесiнде жергiлiктi кеңестi функционерлер пайыздық көрсеткiштер ауруына шалдығып, аудандар, округтер, ұжымшаруашылықтары бiр-бiрiмен жарысқа түсiп, жергiлiктi газеттер «еңбек майданындағы» кезектi рекордтарды жариялауға үлгере алмай жатты. Егер 1928 жылы Қазақстанда барлық жеке шаруашылықтардың 2% ғана ұжымдастырудан өтсе, 1930 жылдың сәуiр айында 50,5%, ал 1931 жылдың қазан айында шамамен 65% ұжымдастырылды. 1931 жылдың күзiне қарай 122 аудандардың 78 ауданы ұжымдастырудан өттi.
Ұжымдастыру барысында бай-кулактарды кәмпескелеудiң нақты көлемiн анықтау қиынға соғады. Бiзге тек 1930-1931 жылдар аралағында Қазақстаннан шеткерi аймақтарға жер аударылған адамдардың саны 6765 жеткен белгiлi. Сонымен бiрге өзге аймақтардан Қазақстанға 180 015 жер аударылды. Кәмпескелеу идеологиясы таптық күрестi қолдан жандандырып, саяси қуғын-сүргiн нәубiтiне ұласты. 1932 жылдың 7 тамызында «Мемлекеттiк кәсiпорындар, ұжымшарлар мен кооперациялардың мүлкiн қорғау және қоғамдық (социалистiк) меншiктi нығайту жөнiнде» заң шықты. Бұл заң идеологиялық қарсыластарды жазалауға бағытталған нағыз антиконституциялық заң едi. Наразы болған немесе бидай қаптарын тапсыра алмаған адамдар 10 жылға сотталып, барлық мүлкiсi тәркiленетiн болды. Осы заң қолданысқа енген жылында-ақ Қазақстанда 33 345 адам сотталды. 1929 -1932 жылдар аралығында Қазақстанда ОГПУ үштiгiмен 9805 қарастырылып, 22933 адам сотталып, олардың 3386 адамы ату жазасына кесiлдi.
Бұл тарихи оқиғалар Қазақстан тарихының трагедияға толы беттерiнiң бiрi болып табылады. Бұл тарихи науқан адамдардың тағдырына, дәуiр адымына өз өшпес таңбасын қойды. Елiмiз өзiнiң баянды Тәуелсiздiгiн қолға жеткiзiп, алға, iлгерi қадам басып жатқан кезеңде, өткенде орын алған барлық оқиғаларды тарих таразысына салып, ардақ етiп, құрмет тұту өмiрлiк парыз болып табылады. Өйткенi «өлi разы болмай, тiрi байымайды» дейдi атам қазақ.
Ақмола облысы мемлекеттiк
архивiнiң архивистi Уалиев Талапкер Асқарұлы