A- A A+
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ «АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК АРХИВІ» КОММУНАЛДЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ «АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК АРХИВІ» КОММУНАЛДЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІ
Ш. Уәлиханов ат. Көкшетау университетіне 60 жыл

1962 жылы Көкшетауда алғашқы Педагогикалық институт ашылды. Биыл аталмыш оқу орнына 60 жыл толып отыр.

Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1962 жылғы 25 шілдедегі Қаулысымен Целинный өлкесі, Көкшетау облысы, Көкшетау қаласында күндізгі оқуға 150 адамды және сырттай оқуға 100 адамды қабылдау жоспарымен педагогикалық институт ұйымдастырылды. Көкшетау қаласында педагогикалық институттың ашылуы өңірде жоғары білімнің қалыптасуына серпін берді.

Құрылған жоғары оқу орнына Пролетарская, 25 көшесі бойындағы 520 орындық жаңадан салынған орта мектеп ғимараты бөлінді. Бастапқыда екі факультет ашылды: физика-математика және тарихи-филологиялық (орыс тілі және әдебиеті, неміс және ағылшын тілдер) бөлімдері. Оқу үдерісін марксизм-ленинизм, орыс тілі мен әдебиеті, шетел тілі, физика және математика, дене тәрбиесі кафедралары жүзеге асырды. Пединституттың алғашқы ректоры тарих ғылымдарының кандидаты Иван Степанович Горохводатский болды.

1963 жылы психология және педагогика кафедрасы құрылды, тарих бөлімдері Петропавл пединститутына берілді.

Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1965 жылғы 29 наурыздағы № 241 қаулысымен Көкшетау педагогикалық институтына қазақтың тұңғыш ағартушы-ғалымы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың есімі берілді. 1966 жылы Шетел тілдер факультеті ашылды.

1984 жылдың қаңтарында 2000 студентке арналған жаңа оқу-зертханалық корпус пайдалануға берілді. Жаңа мамандықтар ашылды: қазақ тілі мен әдебиеті (1982), химия, биология (1984), бейнелеу өнері және сызу (1985), информатика. Директорлардың біліктілігін арттыру факультеті (1979) ашылды. Студенттер саны 400-ден 2500-ге дейін өсті.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 1996 жылы Ш. Уәлиханов ат. ауыл шаруашылығы институты мен Қарағанды политехникалық институтының филиалы жаңадан құрылған Көкшетау мемлекеттік университетінің құрамына кірді.

Қайта құрылған университеттің алғашқы жылдарында оқу процесі жетілдіріліп, жаңартылды. Республикада алғашқылардың бірі болып университет 1998 жылы магистратураны ашып, оқытудың үш деңгейлі жүйесін енгізе бастады. 2000 жылдан бастап ЖОО оқу-әдістемелік жұмыстың тиімділігін бағалаудың рейтингтік жүйесіне көшті. Барлық пәндер бойынша әртүрлі деңгейдегі білімді бақылау үшін қолданылатын тест тапсырмаларының базасы әзірленді. 2003 жылдан бастап кредиттік технология бойынша оқыту басталды. 2005 жылы университет ЖОО арасында алғашқылардың бірі болып сапа менеджменті жүйесін енгізді. 2012 жылы ҚР Үкіметінің Қаулысына сәйкес (2012 жылғы 28 сәуірдегі № 544) «Көкшетау мемлекеттік университеті» шаруашылық жүргізу құқығындағы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті» республикалық мемлекеттік кәсіпорны болып қайта құрылды.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің 2020 жылғы 27 мамырдағы № 319 бұйрығымен «Көкшетау мемлекеттік университеті» ШЖҚ РМК «Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті» Коммерциялық емес акционерлік қоғамы болып қайта құрылды.

Ақмола облысының мемлекеттік архивінде Ш. Уәлиханов ат. Көкшетау педагогикалық институтының қоры бар. Келесідей құжаттар легі сақтауда: университеттің негізгі қызметіне қатысты қаулылар, жоғары тұрған органдардың бұйрықтары, университеттің негізгі қызметі бойынша бұйрықтары, жарғылары, штаттық кестелері, сметалар, есептер және т.б.

https://www.instagram.com/tv/CgMDsMYp5sg/?utm_source=ig_web_copy_link 

https://www.facebook.com/100027803767038/videos/379333797657306/ 

Мақаланың шыққан күні: 19.07.2022
Қаралым саны: 3063

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

@2024 АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ «АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК АРХИВІ» КОММУНАЛДЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІ
Яндекс.Метрика
Сопровождение сайта: «Компания ИНТЕГРО»