2024 жылғы 03 мамырда Ақмола облысы мемлекеттік архивінің ақпараттық — ұйымдастыру бөлімінің ұйымдастыруымен Жеңіс күніне және Кеңес Одағының Батыры С.Қ. Нұрмағамбетовтың туғанына 100 жыл толуына орай, «Жеңіспен соғыс аяқталды» тақырыбында фотоқұжаттық көрме өткізді.
Көрмеге ҰОС ардегерлерінің ұрпақтары, «ҚР Қорғаныс Министрлігінің әскери — техникалық мектебі» РМҚ Щучье филиалы сарбаздары және БАҚ өкілдері шақырылды.
Архив құжаттарында біздің облыс тұрғындарының Екінші дүниежүзілік соғысында жеңіске қосқан үлесі ерекше айқындалады. Ақмола жерінде 3 атқыштар және 1 кавалериялық дивизия құрылып майданға аттанған болатын.
Биыл Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының тұңғыш қорғаныс министрі, Халық Қаhарманы Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 100 жыл. Көрмеде соғыс жылдарындағы Ақмолалық батыр ағаларамыздың ерлігі, Нұрмағамбетов Сағадат Қожахметұлының соғыстағы және бейбіт замандағы фотосуреттері қойылды, батырдың өмір жолы туралы баяндалды.
Сағадат Қожахметұлы әскери жолын Екінші дүниежүзілік соғысында пулемет взводының командирі болып бастаған, бұл іске 50 жыл уақытын арнайды. Сонау Кавказдан жаудың ұясы Берлинге дейін 1052-атқыштар полкі құрамында соғысты.
Іс шара соңында ардагерлердің ұрпақтары сарбаздарға ардагер әкелері жайлы сөз өрбітіп, жас буынға өсиет ақылдарын айтты.