2024 жылғы 22 ақпанда Ақмола облысының мемлекеттік архивінің ақпараттық-ұйымдастыру бөлімінің қызметкерлерімен «Ветер целины» атты фотоқұжатты көрме өткізілді. Аталмыш көрме тың және тыңайған жерлерді игерудің 70 жылдығына орай өткізілді.
Көрмеге алғашқы тың игерушілердің ұрпақтары, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының курсанттары және БАҚ өкілдері шақырылды.
Ақмола облысының мемлекеттік архивінде тың игеру туралы құжаттар легі сақталынған. Ақмола облысының тарихына Тың игеру жылдары алтын парақтармен енгізілген. Осы жылдары Қазақстан астық қоры болса, Ақмола облысы аграрлық өлке болды.
1954 жылдың басында КСРО үкіметі Солтүстік Қазақстанның тың және тыңайған жерлерін игеру арқасында астық өнімін ұлғайту бойынша бағдарламасы қабылданды. Алғашқы көшіп келгендердің кездесуі, олар орналасқан шатырлар, тың игеруші еңбек ерлері, алғашқы астық алу кезеңдері, жаңа ғимараттардың бой көтеруі мен көшелердің құрылысы – осының бәрі архив құжаттарында сақталған.